Семейде бұрынғы полиция қызметкерлері сотталды

Семейде 27 жастағы марқұмның қалтасына қол сұққан бұрынғы полиция қызметкерлеріне қатысты үкім шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құқық қорғау органдарында еңбек еткендерге билікті асыра пайдалану және ұрлық баптары бойынша тергеу жүрді. Төрт күдіктінің үшеуі бес жылға сотталып, мемлекеттік қызмет ету құқығынан өмір бойына айырылды. Тағы біріне бас бостандығын шектеу түрінде жаза қолданды. 2020 жылдың қараша айында «Восточный» кентінде дене жарақаты бар ер адамның мәйіті табылған болатын. Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары оның шотынан 120 мың теңгені өздеріне аударып алған. Дегенмен бүгінге дейін адам өлтірген қылмыскерлер анықталған жоқ. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Ольга Карашева, марқұмның жұбайы:

– Менің ойымша, күйеуімді полиция қызметкерлері өлтірді. Сондықтан бұл іске әлі күнге нүкте қойылмай тұр. Бүгінгі үкіммен келіспеймін. Мен Жоғарғы Сотқа шағымданамын.