Арал ауданында балық қырылды

Қызылорда облысында балық қырылды. Арал ауданы Бөген ауылы маңындағы Сағынбай каналында торта, табан және ақбалық шабақтарының қалқып жүргені байқалды.

Ұзындығы бір шақырымнан сәл асып, ені 13 метр болатын арна суына сараптама жүргізген мамандар оттегі аздығын анықтап отыр. Сынама қорытындысы мен өлген балық қоры туралы мәлімет алдағы уақытта қосымша хабарланады. Жалпы алғанда Сырдария мен Қарашалаң айдынын жалғайтын Сағынбай каналы тіршілік нәрі құйылмағандықтан бөлініп қалған. Су аз, мұз қалың болғандықтан балық қолайсыз қапаста қалып қойған. Қазір мұз 22 жерден ойылып, оттегі беру жұмыстары жүргізіліп жатыр.  

Жанқожа Сапаров, Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының м. а.:

- Бұл жерде балықтың шабақтары 4,5-10 см аралығында болған. Судағы оттегі мөлшері 3,5 көрсеткішін көрсеткен. Температура 2,5, орташа тереңдігі 2,5 метрді құраған. Ғылыми ұйымның маманы алдын ала өз тұжырымдамасында оттегінің аздығы балықтар тіршілігі үшін қолайсыз екендігін білдірді.