Жамбыл облысында құмды аумақтан 2,5 метрлік бомба табылды

Жамбыл облысында құмды аумақтан 2,5 метрлік бомба табылды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Жамбыл облысы Полиция департаментінің әлеуметтік желілердегі ресми парақшасына Байзақ ауданының тұрғынынан құмды аумақтан табылған күдікті зат туралы хабарлама келіп түсті. Баспасөз қызметінің қызметкерлері хабарламаға дереу жауап берді және оны Байзақ ауданы полиция бөліміндегі әріптестеріне тапсырды. Полиция оқиға орнына келіп, авиациялық снарядқа ұқсас затты тапты.

Полиция қызметкерлері оқиға орнына Полиция департаментінің саперлерін, өрт сөндірушілер мен құтқарушыларды шақырды. Келген саперлер снарядты зерттеп, бұл 1962 жылы шығарылған 500 келі болатын 2,5 метрлік ФАБ 500м-62 авиациялық бомбасы екенін, ол кез келген минутта 200 метрге дейін жарыла алатындығын хабарлады. Бомбаны одан әрі залалсыздандыру үшін арнайы әскери техникаға тиеп, полигонға алып кетті. Полицияға қауіпті әскери құрал туралы хабарлаған ер адам марапаттауға ұсынылды.