Атырауда екі азамат шатырдан құлап ажал құшты

Атырауда көпқабатты тұрғын үйді қайта жөндеу кезінде қайғылы оқиға болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үйдің төбесінде жұмыс істеп жүрген 25 және 36 жастағы екі азамат байқаусызда төменге құлап кеткен. Бес қабатты үйден құлаған екі жігіттің екеуі де сол жерде тіл тартпай көз жұмды.

ҮЙІНДЕ ҚАРАСОРА ӨСІРГЕН

Қостанайда жер үйде қарасора өсірумен айналысқан азамат ұсталды. Полиция департаментінің хабарлауынша, 33 жастағы ер адам есірткі өсіру үшін арнайы бөлме жарақтап қойған. Жарықтандырылған жылыжай жасап, ол жерде қарасораны 3 құмыраға бөліп өсірген. Сонымен қатар оның үйінен 55 грамм марихуана да табылған. Күдікті осыған дейін де есірткіге байланысты істі болған екен.

ЖАНТҮРШІГЕРЛІК ЖОЛ АПАТЫ БОЛДЫ

Атырау облысында Атырау – Орал тас жолы бойында жантүршігерлік апат болды. 35-шақырым тұсында «Ваз-11183» автокөлігінің 33 жастағы жүргізушісі алдында келе жатқан көлікпен ара қашықтықты сақтамаған. Сөйтіп жүк көлігіне соқтығысқан. Салдарынан жеңіл көлік жүргізушісі мен оның қасындағы 32 жастағы жолаушы мерт болды. Салонда болған 2021 жылы туған сәби аман қалып, дереу ауруханаға жеткізілді. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.

ДҮКЕН ТОНАҒАН ӘЙЕЛ ҰСТАЛДЫ

Шымкенттік полицейлер дүкеннен киім-кешек ұрлаған әйелді ұстады. Еңбекші ауданы Полиция басқармасына «102» арнасы арқылы арызданушының айтуынша, сатып алушы кейпінде келген белгісіз азаматша дүкендегі киім-кешектер мен заттарды жымқырып, 2 дана былғары белдемше, 1 қол сөмкесін, 1 пластмасса құтыны қолды еткен. Осылайша 40 мың теңге шығын келтірген. Тәртіп сақшылары  дүкен маңындағы бейнебақылау жүйесін тексерген. Нәтижесінде ұрлық жасаған күдікті қала аумағында қолға түсті. Ол 37 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты.

КӘНІГІ ҰРЫ ҚОЛҒА ТҮСТІ

Алматы облысы  Іле ауданында пәтер тонаумен айналысып келген кәнігі ұры қолға түсті. Ол бір кеңсенің қасынан өтіп бара жатып, амалын тауып оның ішіне кіріп, ақша мен ноутбукты ұрлап кеткен. 44 жастағы тұрғын бұрын сотталған, яғни осыған ұқсас қылмыстары үшін жауапкершілікке тартылған. Бұл жолы ол өзі сияқты ұрылардан қалай сақтану керегін, есікке қандай құлып таңдау керегі жайлы да айтып берді.