Атырау облысында есірткі қолданған жүк көлік жүргізушісі ұсталды

Атырау облысында есірткі қолданған жүргізуші жүк көлігімен қарсы келе жатқан жеңіл автокөлікке соқтығысқан. Оқыс оқиға Атырау-Индер тас жолының бойында тіркелген. Күдікті көлігін тастап, ізін жасырмақ болыпты. Тәртіп сақшылары дереу іздестіріп, 1965 жылы туған жүк көлігінің жүргізушісін ұстады. Наркологиялық сараптама нәтижесі оның есірткі қолданғанын анықтады. 

Қостанай облысында қару-жарақ қоймасы анықталды 

Рудный қаласының 52 жастағы тұрғыны өз үйінде қару-жарақ пен оқдәрі сақтаған. Тәртіп сақшылары тінту кезінде одан пневматикалық мылтық, 2 аңшылық пышақ тәркіледі. 400-ден астам патрон табылды. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр.

Шымкентте 2 жастағы бала құтқарылды

Шымкенттік құтқарушылар Жібек Жолы көшесінің бойында орналасқан тұрғын үйлердің біріндегі пәтерден 2 жастағы баланы құтқарды. Анасы үйден шығып кеткенд сәби есікті іштен кілттеп ұйықтап қалған. Алаңдаған ана көмек сұрауға мәжбүр болыпты. Құтқарушылар пәтерге сатымен көтеріліп есікті ашқан.

Өскеменде супермаркет өртенді

Екі қабатты ғимарат ішіндегі тоңазтқыштар, азық-түлік пен сөрелер отқа оранған. 10 шаршы метрді шарпыған қызыл жалынмен күресуге 26 өрт сөндіруші мен 7 техника жұмылдырылды. Қазір қызыл жалынның шығу себебі анықталып жатыр. 

Шымкенттегі колонияда тыйым салынған заттар тәркіленді

Шымкент колониясында тыйым салынған заттар табылды. Тінту барысында 33 ұялы телефон, 23 құлаққап, 41 қуаттағыш, сондай-ақ пышақ, біз секілді 53 құрал тәркіленді. Құқықтық тәртіп пен жазаны өтеу режимін сақтау мақсатында жүргізілген іс-шара кезінде былтыр жарты келі есірткі, 103 ұялы телефон, 48 тесіп кесетін заттар табылған.