Жамбыл облысында аса ірі көлемде есірткі сақтаған ер адам ұсталды 

34 жастағы қала тұрғыны бірнеше жыл еліткіш зат сатып келген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның үйін тінту кезінде жалпы салмағы 772 граммнан астам «Альфа PVP» есірткі табылды. Қазір күдікті қамауда отыр. Сот шешімімен мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейінгі мерзімге сотталуы мүмкін.

Асқар Жұмабеков, Жамбыл облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы:

– Аталған дерек бойынша қылмыстық кодекстің 297-бабы, 3-бөлігімен тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті Тараз қаласының уақытша ұстау изоляторында қамаққа алынды.

СЕГІЗ ҚОРАП ЕСІРТКІ ТӘРКІЛЕНДІ 

Ірі көлемде есірткі сақтау дерегі Маңғыстау облысының Ақтау қаласында да тіркелді. Шаһардың өнеркәсіптік аймағында жүк көлігіне тиеліп жатқан 8 қорапты полицейлер тәркілеп алды. Сол жерде 3 адам ұсталса, біреуі әйел. Картон қораптардан жалпы салмағы 186 келіге жуық марихуана табылған. Полицейлердің айтуынша, есірткі еліміздің оңтүстігінен жеткізілген. Жасы 28-38-дің аралығындағы күдіктілерге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жалғасып жатыр.

ГАРАЖДАН 5 КЕЛІГЕ ЖУЫҚ ЕСІРТКІ ТАБЫЛДЫ 

Есірткінің түр-түрін сатып, оңай олжаға кенелмекші болған қостанайлық тұрғынның қолына кісен салынды. 35 жастағы күдіктінің сырт киімінен сығымдалған гашиш толы таблеткалар табылған. Ер адамға тиесілі көліктің артқы орындығынан марихуана салынған 12 полиэтилен қалта анықталды. Гаражды тінту кезінде тағы жүзден астам түйіншекті тәркіледі. Еліткіш заттардың нарықтағы құны 2 млн теңгеге жуықтайды.

ҚЫЗМЕТТІК КӨЛІКТЕН МАРАЛ ЕТІ ТАБЫЛДЫ 

Алматы облысының Шалкөде ауылының маңында кешкі уақытта жүрген «Шкода» маркалы қызметтік көлік полицейлердің назарына ілікті. Тоқтатып, тінту кезінде жүк салғышынан марал еті табылды. Сондай-ақ 3 аңшы мылтығы мен оқ-дәрілер анықталған. Жеңіл көлік жүргізушісінің қасында Райымбек ауданы әкімінің орынбасары да болған. Бұл дерек бойынша тексеру амалдары жалғасып жатыр.

БЕКІРЕНІ ЗАҢСЫЗ САҚТАҒАН АДАМ 7 ЖЫЛҒА СОТТАЛДЫ 

Маңғыстау облысының тұрғыны жер үйде бекіре сақтағаны үшін 7 жылға сотталды. Тергеу мәліметінше, Түпқараған ауданының тұрғыны жағалаудан жалпы салмағы 219 келіден асатын балық тауып алған. Даладан тапқан олжасын артынша баспанаға тасыған. Құқыққорғаушыларға осылай деп ақталған азамат кінәлі деп табылды. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

ГАЗ БАЛЛОНЫН ҰРЛАП ДӘНІККЕН КҮДІКТІ ҰСТАЛДЫ  

Петропавлда оттегі баллон ұрлаумен айналысқан күдікті құрықталды. Қала тұрғыны түнде көрші үйдің жанында бейсауат жүрген көлікті байқап қалған. Дереу үйдің иесіне хабар береді. Ол келіп гаражды тексерген кезде жалпы құны 100 мың теңгелік 2 баллон қолды болғанын байқайды. Дереу жеткен полиция ұрыны ізін суытпай ұстады. 27 жастағы күдікті бұрын ұқсас қылмыстарды жасаған болып шықты. Өзге де деректерге қатысының бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Әсет Мұқышев, Петропавл қаласы ПБ тергеушісі:

– Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің 188 бабы 3 тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Ұрланған мүліктер иесіне қайтарылып, тергеу әрекеттері жүргізілуде.