СҚО-да жол үстінде екі жұмысшы қайтыс болды

Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданында жол-көлік оқиғасы орын алып, салдарынан екі адам қайтыс болып, үшеуі жарақат алды, деп хабарлайды Polisia.kz.

28 ақпан күні күндізгі сағат 12-де Мальцево ауылының маңында тіркемелері бар МАЗ және Shacman автомашиналары соқтығысты. Соқтығысу нәтижесінде елді мекеннің маңында қар тазалау жұмыстарымен айналысып жүрген “Петропавл жолдары” ЖШС жұмысшыларын қағып кеткен. Екі жұмысшы, Явленка ауылының 68 және 48 жастағы тұрғындары алған жарақат салдарынан оқиға орнында көз жұмды, үшеуі түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.

Жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі (Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сараптамалар тағайындалды.