Ит атқан әкім

Батыс Қазақстан облысы Достық ауылдық округінің әкімі көшеде ит атамын деп басы дауға қалды.

Шенеунік Тасқала ауданындағы жанармай станциясының маңында жүрген итті 2 рет көздеген. Алайда травматикалық қарудың оғы нысанаға тимей қалады. Қоғамдық орында мылтық ұстаған әкімнің ісі тәртіптік комиссияда қаралатын болды.

Нұр-Сұлтанда синтетикалық есірткі әзірленген 3 ірі зертхана жойылды

Арнайы операция кезінде 3 адам ұсталды. 24 жастағы күдікті Талапкер ауылынан жалға алған жер үйде еліткіш зат дайындап, ғаламтор арқылы сатып келген. Прекурсорларын шетелден алып отырғаны анықталды. Есірткі әзірлеуде қолданылатын құралды құрастыру тәсілін әлеуметтік желіден көріпті. Тапсырысты онлайн қабылдап, ақысын электронды қаржы түрінде банктік картаға аударуды сұраған. Келесі зертхананы жақын қатынастағы қыз бен жігіттің ашқаны белгілі болды. Аталған 3 дерек бойынша тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 25 келіні құрайды. Нарықтағы бағасы 500 млн теңгеден асады.

Марат Төлебаев, Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің бастығы:

- Жыл басынан бері елорда аумағында есірткімен байланысты 116 заң бұзушылық тіркелді. Оның 20-сы сату дерегі. Заңсыз айналымнан 53 келіден астам есірткі заттары тәркіленді. Жедел іс-шаралардың нәтижесінде 3 ірі есірткі зертханасы жойылды.

Жамбыл облысында ірі көлемде гашиш тасымалданған арна жабылды

Жамбыл облысында ірі көлемде гашиш тасымалданған арнаның жолы жабылды. Арнайы жедел-іздестіру шарасы кезінде Шу ауданы Төле би ауылының тұрғыны ұсталды. Сот-химиялық сараптама қорытындысына сәйкес 20 келі еліткіш зат тәркіленген. 36 жастағы күдікті есірткіні Нұр-Сұлтан қаласына жеткізіп отырған. Қазір ол қамауға алынды. Қылмыстық іске қатысы бар адамдар іздестіріліп жатыр.

Алматы облысында қонақүй әкімшісіне пышақ кезенген ер адам ұсталды

Алматы облысының Қапшағай қаласында қонақүй әкімшісін пышақпен қорқытып, тонаған ер адам ұсталды. Күдікті 33 жастағы жұмыссыз тұрғын болып шықты. Ішкілікке салынған ол әйел қызметкерге пышақ кезеп, 8 мың теңгесін қолды еткен. Қазір уақытша ұстау изоляторында отыр. Заңның 192-бабымен қылмыстық іс қозғалды.

Мас күйде бөтеннің көлігін айдап кеткен

Жамбылдық тәртіп сақшылары көлік ұрлығының ізін суытпай ашты. Меркі ауданы Ойтал ауылының тұрғыны дүкен жанына қалдырған «ИЖ» маркалы машинасын таппай, полицияға хабар береді. Жедел іздестіру нәтижесінде 42 жастағы жергілікті тұрғын қолға түсті. Күдіктінің айтуынша, мас күйде есігі ашық көлікке кіріп, айдап кеткен. Ер адамның заңға қайшы әрекеті үшін қылмыстық іс қозғалды.

Қарағанды облысында сауда үйі өртенді 

Балқаш қаласында 2 қабатты сауда үйі отқа оранды. Зардап шеккендер жоқ. Сәтпаев шағын ауданда тұрған кәсіпкерлік нысанда жалынның неден шыққаны анықталып жатыр. Өрттен ғимараттың 120 шаршы метр бөлігі бөлінді. Әсіресе 1-қабатта тұрған банкоматтар, касса аппараттары мен бірнеше бутик күлге айналды.

Сондай-ақ...