Қостанай облысында бас бухгалтер 22,5 млн теңге қаржы жымқырған

Федоров аудандық мәдениет үйінің қызметкері үш жыл бойы ақша ұрлап келген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол қаржыны жалақы есебінде өзінің және әкесінің есеп-шотына аударып отырған. Өнер ордасы директорының электрондық қолтаңбасын пайдаланып, онлайн-банкинг жүйесіне жүгінген. Мәдениет үйінің басшысы кәсіпорынның жылуға берешек екенін білгенде ғана қызметкерінің ақша жымқырғанын түсінген. Прокуратураға мән-жайды жеткізіп, аудиторлық тексеріс нәтижесі қомақты соманың жоғалғанын растады. Экс-бухгалтер сотта кінәсін толық мойындады. 

Зәуре Едікова, облыстық соттың баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Федоров аудандық соттың үкімімен «Жастар» мәдениет үйінің бас бухгалтері жеті жылға қамауға алынды. Сондай-ақ оған өмір бойы осы лауазымдық қызметті атқаруға тыйым салынды. Сот шешімімен келіспеген қорғаушы және сотталушы Қостанай облыстық сотына аппеляция жолдады.