Қарағандыда қыздарға қарақшылық жасаған күдіктінің қолына кісен салынды

Қарағандыдағы орта мектептердің маңында 14 жастағы оқушы қызды ұрып-соғып қашып кеткен қарақшы қолға түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оны тергеу барысында осыдан бұрын да бірнеше рет осындай қылмыс жасағаны анықталып отыр. Бір қызығы 30 жастағы ер адам бағалы заттарға қызықпаған. Қазір аталған іс негізінде «бұзақылық» бабы бойынша іс қозғалды.

ЕСІРТКІ САУДАЛАҒАН ӘЙЕЛ ҰСТАЛДЫ

Елорданың ортасында арнайы операция кезінде 44 жастағы келіншек ұсталды. Оның үйін тінту барысында 4 келі гашиш тәркіленген. Сондай-ақ есірткі заттарын қаптауға арналған пакеттер мен пластик қасықтар тәркіленіп отыр.  Егер оның қылмысы сотта дәлелденсе, 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

ЖАНТҮРШІГЕРЛІК ЖОЛ АПАТЫНАН БІР АДАМ КӨЗ ЖҰМДЫ

Түркістан облысында жаңа көліктер тиелген жүк көлігінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы тіркелді. «NISSAN URVAN» автокөлігі жол қозғалысы ережесін өрескел бұзып, қарама-қарсы бағытқа шығып кеткен. Салдарынан Литва Республикасына тиесілі «MAN» маркалы автокөлік тасымалдаушы жүк көлігіне соқтығысқан. Сол мезетте өз бағытымен келе жатқан «AUDI » маркалы көлігі жол үстінде соқтығысып тұрған «NISSAN URVAN» көлігінің артынан соққан. Салдарынан «NISSAN URVAN» көлігінің жүргізушісі оқиға орнында қайтыс болды. Ал «AUDI» жүргізуші ауыр дене жарақаттарын алып, жансақтау бөліміне түсті.

ҚАРУ-ЖАРАҚ САҚТАЛҒАН ҚОЙМА ТАБЫЛДЫ

Өскемен қаласы тұрғынының гаражында жасырынған қару-жарақтың бірнеше данасы мен оқ дәрі табылды. Сарапшылар барлық қару атуға жарамды жағдайда деген қортындыға келген. Суық қаруды сақтаған 47 жастағы ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды.  Енді ол 5 жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін. Қазір оның қарудың түр-түрін қандай мақсатта жасырып ұстағаны анықталып жатыр.