Павлодарда студент есірткі сатумен айналысқан

Құқық қорғау қызметкерлері 19 жастағы студенттен 12 грамнан астам синтетикалық ұнтағы бар 13 бума тапқан.

Павлодар облысының полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімшелерінің қызметкерлеріне жас жігіттің заңсыз заттарды таратумен айналысқаны туралы жедел дереккөздерден ақпарат түскен.

Бұл туралы Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады. Ведомство басшысының орынбасары Болат Нұрсейітов арнайы іс-шаралар барысында күдіктінің анықталып, ұсталғанын айтты. «Ол Павлодар қаласындағы оқу орындарының бірінде оқитын 19 жастағы студенті болып шықты. Жас жігіттен ұнтақты зат салынған 13 бума тәркіленді, сараптама қорытындысы бойынша салмағы 12 грамнан асатын синтетикалық есірткі заттары екені анықталды», – деді Б.Нұрсейітов. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Айта кетейік, күдіктінің интернет арқылы есірткі дүкендерінің біріне курьер болып жұмысқа орналасқаны қаралып жатыр. Айыпталушы оларды үйінде бір реттік дозаға орап, қала бойынша таратқан.