Бірқатар өңірде бұрқасын әлі де сақталады – синоптиктер

Қарағанды облысында екі күннен бері ауа райы  бұзылып, боран соғып тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өткен тәулікте 68 адам қар құрсауынан құтқарылып, 114 адам қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Ақой - Ақтоғай - Балқаш автожолында 16 жеңіл автокөлік қардан шығарылды. Олардың ішінде 48 жолаушы болған. Ал Қарқаралы қаласынан жеті шақырым қашықтықтағы автокөліктен 4 адам  қауіпсіз жерге жеткізілді. Барлығы аман.

Ерасыл Сайпаш, Қарағанды облысы ТЖД бастығының орынбасары:

 - Қарағанды облысының аумағында дауылды ескерту жалғасуда. Өңірдің басым бөлігінде бұрқасын сақталады. ТЖД ауа райының нашарлауы кезінде елді мекендерден тыс жерлерге жаяу және көлікпен жол жүруден бас тартуды, ауа райының өзгеруіне сәйкес киінуді және өзімен байланыс құралын алып жүруді ұсынады.

Алматы облысында ақтүтек бораннан барлық бағыттағы жолдар жабылып, көлік қозғалысына шектеу қойылды. Атап айтқанда Алматы - Өскемен тас жолынан Қапал - Арасанға дейінгі 45 шақырымында және Қабанбай ауылынан Көктұмаға дейінгі аралықта көлік қатынасына уақытша тыйым салынды.

Қостанай облысында өткен тәулікте жолда қалған 22 адам құтқарылды. Олардың үшеуі бала. Амангелді ауданының аумағында өтімділігі жоғары техниканың көмегімен 19 адам қар құрсауынан шығарылды. Ал Үштөбе ауылының үш тұрғынына медициналық көмек қажет болды. Олар Арқалық қалалық ауруханасына жеткізілді.

Ақмола облысында да боранның басылар түрі жоқ. Күннен-күнге жолда қалған жолаушылар да көбейіп барады. Күні кеше 100-ден астам адам жылыту бекеттеріне жеткізілді. Олардың 20-сы бала. Эвакуациялау жұмыстары бірнеше ауданда жүргізілді.

Қанат Доспаев, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

 - Жалпы өткен демалыс күндері жолда қалған 290 адам құтқарылды. Олардың 82-сі бала. Құтқару жұмыстары 9 ауданда жүргізілді. 27 бағыттағы жолдар жабылды. Соңғы ақпарат бойынша қазір Нұр-Сұлтан – Ерейментау – Шідерті және Жезқазған - Петропавл жолы Қостанай облысының шекарасы мен Державинск қаласына дейінгі аралық әлі жабық тұр.

Бүгін Павлодардан Ақмола облысына шығатын жол жабылды. Өңір бойынша бұрқасын әлі де сақталады, - деп мәлімдеді синоптиктер.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров.