Өзгенің атына несие рәсімдеген Өскемен тұрғыны төрт жылға сотталуы мүмкін

Жеке деректерін пайдаланып, өскемендіктің атына несие рәсімдеген әйел ұсталды, деп хабарлайды «Хабар 24» Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Өскемен қалалық ПБ солжағалау полиция бөлімінің «102» жедел арнасына облыс орталығының 42 жастағы тұрғынынан арыз түсті. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз тұлға оның жеке деректерін пайдалана отырып, шағын несие ұйымынан ақшалай несие рәсімдеген. Шығын сомасы 90 мың теңгені құрады. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде криминалдық полиция қызметкерлері қаскөйдің ізіне түсіп, оны анықтап, ұстаған. Полицияның қолына түскен 41 жастағы күдікті жергілікті тұрғын болып шықты. Ұсталған азаматша кінәсін мойындаған. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігі алаяқтық бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Осы баптың санкциясы бойынша 4000 АЕК дейін айыппұл немесе 4 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазаны көздейді.