Атырауда көлік адам қағып кетті

Атырауда көлік адам қағып кетті
ГТРК "Марий Эл"

Жол талғамайтын көлік нәрестесін көтеріп келе жатқан әйелді қағып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқыс оқиға Атырау көшелеріндегі бейнебақылау камерасына түсіп қалды. Қазір бір жастағы сәби әртүрлі дене жарақатымен ауруханада жатыр. Көлікті полицейлер арнайы тұраққа қойды.

Павлодар тұрғыны лицензиясыз алкоголь өнімін сатумен айналысқан. Дүкен иесінен спирттік өнімнің 431 түрі тәркіленді. Оның заңсыз әрекетін патрульді полицейлер анықтады. Заңды елемеген күдіктіге қатысты әкімшілік іс қозғалды. Жалпы жыл басынан бері облыста тиісті тіркеусіз кәсіпкерлік немесе өзге қызметпен айналысудың 19 фактісі тіркелді.

Атыраулық полицейлер ірі көлемде психотроптық дәрі сақтаған 48 жастағы әйелді ұстады. Күдіктінің пәтерінен «Трамадол», «Лирика», «Тропикамед», «Сомнол» дәрі дәрмектері табылды. Сонымен бірге белгісіз азаматтардың жеке басын куәландыратын түрлі куәліктер мен құжаттар, 1 375 000 теңге тәркіленді. Оның айтуынша, ол есірткі заттарын қарызға беру үшін тұтынушы азаматтардың құжаттарын кепіл ретінде алып отырған.

Қостанай облысында толассыз жауған қар мен боранның беті қайтар емес. Осының кесірінен кейбір шалғай елді мекендерге медициналық көмек дер кезінде жете алмай отыр. Арқалықтан 60 шақырым жерде қыстақта қалған 4 жасар бала тек өтімділігі жоғары техниканың арқасында өңірлік ауруханаға жеткізілді. Ал Амангелді ауданындағы қыстақта тұратын аяғы ауыр келіншекке де шұғыл көмек қажет болды. Құтқарушылар жайылымға апаратын жолды тазартып, әйелді аудан орталығындағы емдеу мекемесіне аман-есен жеткізді.

Қызылорда тұрғыны заңсыз ауланған балық тасымалдаған. Браконьер Тұрмағанбет ауылының тұсында ұсталды. Оның Нива көлігіндегі жүк салғышында үш қап балық, екі жарық шам, бір шанышқы тәркіленді. Сараптама қорытындысында қапқа салынған су маржандарының жалпы салмағы 75 келіден асқаны анықталды. Аталған дерек бойынша полицейлер тергеу амалдарын бастады.