БҚО-дағы Шалғын ауылында қар суы мектепті шайып кетті

БҚО-дағы Шалғын ауылында қар суы мектепті шайып кетті

Ескі нысанға едәуір зақым келген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе, жергілікті тұрғындардың қаражаты есебінен салынған қосымша ғимарат қатты бүлінді. Пеші опырылып қалды. Оқу-құралдар малмандай су болған. Ауылдағы ағайын өз күшімен мектептің ішін реттеп, аулаға құм төгіп жатыр. Өзге әлеуметтік нысандар мен жеке тұрғын үйлерге су кірмеген. Елді мекенде 60 шақты түтін бар. Білім ордасында 37 бала оқиды. Олар бүгін сел баспаған сыныптарда оқып шықты. Шағын мектеп апатты деп танылған. Тұрғындар жыл сайын биліктен жаңа ғимарат салып беруін сұрайды. Алайда әкімдік жобаны кейінге шегере берген.

Жасұлан Сұлтан, Қаратөбе ауданы әкімінің орынбасары:

- Өзеннің суы емес, қардың суы. Ол құмайтты жерде орналасқан ауыл. Қардың суы еріп, сол ауылдың ішімен өткенде бір жағы бұрылып, мектептің іргесіне келген. Мектеп 1967 жылы салынған. Сосын 2007 жылы ауылдың тұрғындары, мектептің ұжымы өз күштерімен 114 кв.метр жалғаған. Соның фундаменті ана ғимараттардан төмен. Жалпы, келесі жылға жаңа мектеп салу жоспарда тұр. ПСД дайын емес. Енді жасалады. Облыстық және республикалық жоспарға кіріп тұр келесі жылға.