БҚО-ның тағы бір ауданында төтенше жағдай жарияланды

Батыс Қазақстан облысында тағы бір ауылды су басты. Ақсай қаласының іргесіндегі Қызылтал елді мекенінде жеке тұрғын үйлерге зақым келді.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 12 баспанаға су кіріп, 8 адам қауіпсіз жерге шығарылды. Оның төртеуі бала. Тұрғындардың көбі туыстарының үйін паналап отыр. Су басқан ауылға 83 қызметкер мен 30 арнайы техника жұмылдырылған. Бөрлі ауданында төтенше жағдай жарияланды. Ақсайдағы №7 мектеп ғимаратында эвакуациялық орталық жасақталған. Аймақта кеше Қаратөбе мен Шыңғырлау аудандарында да төтенше жағдай жарияланған еді. Шалғын ауылы астаң-кестең болып, өзге елді мекендердің жолын су шайып кетті. Өңір бойынша барлығы 87 адам қауіпсіз жерге көшірілген. 30 бас ұсақ мал өлді. Тасқын қаупі сейілмей тұр. Бүгін Самара-Шымкент тас жолында қатынас қиындады. «Қазавтожол» мамандары мен құтқарушылар су шайған учаскелерде тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр. Өңірде 55-40-88 жедел желісі іске қосылды.

Сондай-ақ...