Ауыл маңындағы өлекселердің жағымсыз иісі тұрғындардың мазасын қашырды

Алматы қаласының Жетісу ауданында есірткі сақтады деген күдікпен 39 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оны тінту кезінде ақшыл түсті ұнтақ және түйіршік түріндегі заттар тәркіленді. Сараптама қорытындысы оның аса ірі көлемдегі героин екенін көрсетті. Күдікті оны белгісіз адамнан сатып алғанын айтқан. Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 293-бабы 3-бөліміне сәйкес, іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Дәл осындай оқиға Түркістан облысында да болды. Полицейлер есірткі затын сақтап, тасымалдаған сезіктінің жолын кесті. Тәртіп сақшылары оны Жетісай қаласындағы автовокзалда ұстаған. Тінту кезінде қолындағы пакетінен дәрі қорабына салынған, қара изолентаға оралған, ақ түсті синтетикалық есірткі затына ұқсас 3 бөлек ұнтақ тәркіленді. Айғақты затқа бірден сараптама тағайындалып, ҚР ҚК-нің 296-бабы бойынша іс қозғалды. 

Әділет Әметбеков, облыстық Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі:

— Аталған зат сот сараптамасына сәйкес, жалпы салмағы 3 граммға жуық синтетикалық есірткі заты «Мефедрон» екені анықталды. Жетісай аудандық полиция басқармасымен тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауда.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Маңғыстау облыстық департаменті қызметкерлері шетелдік азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Сезікті жалған құжат жасап, ел аумағына жалпы салмағы 22 тонна болатын темекіні заңсыз әкелуді жүзеге асырған. Бұған дейін де арнайы әзірленген қылмыстық жоспар бойынша қаскүнем Әзірбайжаннан Ауғанстанға Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Маңғыстау облысының «Құрық» теңіз портынан Жамбыл облысына дейін транзиттік жүк көлігін басқарған. Алайда ол Алматы облысының аумағында ұсталды. Сот үкімімен заңсыз әкелінген контрабандалық тауар мемлекетке қайтарылды. 

Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Төңкеріс ауылының маңында мал өлекселері табылды. Жағымсыз иіс жайлаған аумақты жергілкті тұрғындардың бірі әлеуметтік желіге жариялаған. Экология департаментінің мамандары мұны ауылда мал бордақылап, союмен айналысатын кәсіпорынның тірлігі екенін анықтады. Қазір Талғар аудандық полициясы аталған дерекке қатысты кәсіпкерге әкімшілік хаттама толтырлатын болады. Мұнымен қоса аудандық әкімдік қысқа мерзімде  қоқыс тасталған аумақты ретке келтіруі тиіс.

Павлодарлық жасөспірім заң бұзушылықты анықтады. Мектептен келе жатқан балақай ассенизаторлық машинаның жол жиегіне заңсыз су ағызып жатқанын ұялы телефонына түсіріп алып, жергілікті пабликтердің біріне жариялаған. Бұл материал бойынша полиция қызметкерлері тексеру жүргізді. Көліктің жүргізушісі анықталды. 49 жастағы азаматқа қатысты ҚР Әкімшілік кодекстің 505-бабы 1-бөлігі бойынша іс қозғалды. Жыл басынан бері облыста 2064 адам абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылған.