Алматы облысында автобус 9 көлікті соқты

Ал еліміздің оңтүстігінде жолаушылар автобусы тоғыз көлікке соқтығысып қалды. Жол-көлік апаты Алматы – Жандосова тас жолында болған. Қоғамдық көлікті 35 жастағы жүргізуші басқарған. Айтуынша, автобустың тежегіші істен шығып, тоқтай алмай қалған. Салдарынан он шақты көлікке зақым келді. Апат кезінде жүргізушілерден бөлек жолаушылар да зардап шекті. Олар медициналық тексеруден өту үшін бірден Қаскелең ауруханасына жеткізілді.

Екібастұзда 8 жастағы оқушыны басып кеткен автобус жүргізушісіне қатысты үкім шықты

Екібастұз қаласында сегіз жастағы оқушыны басып кеткен автобус жүргізушісіне қатысты үкім шықты. Оған 1,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Жол апаты салдарынан қыз бала көптеген дене жарақатын алып, мүгедек атанды. Бұған қарамастан үкім бойынша денсаулыққа келтірілген зиян өтелмейтін болды. Сорақысы сол, жолаушы тасымалдайтын кәсіпорын иелері зардап шеккен қыздың отбасына хабарласып, кешірім сұрамаған. Соған қарамастан жолаушылар тасымалымен әлі күнге дейін айналысып келеді. Айта кетейік, автобус жүргізушісінің есірткі пайдаланғаны белгілі болды. Ол  медициналық сараптама нәтижесінде анықталды.

Қарағанды облысында  изоляторға телефон өткізбек болған адам ұсталды

Қарағандыда тергеу изоляторына ұялы телефон өткізбек болған адам анықталды. Жезқазған қаласының тұрғыны 32 жастағы сотталушыға байланыс құралы жасырылған бандероль жіберген. Арнайы тексеріс кезінде телефон дәрі қорабшасына оралып, шоколад ішіне жасырылғаны белгілі болды. Қазір аталған фактіге қатысты ҚР әкімшілік кодексінің 481-бабы бойынша тиісті материалдар жиналып жатыр. Ол процессуалдық шешім қабылдау үшін Қарағанды қаласының әкімшілік істер жөніндегі ауданаралық сотына жіберілетін болады.

Павлодарда екі адамды күйік шалды

Павлодар қаласында көп қабатты тұрғын үйдің жертөлесінде өрт шығып, 1961 және 1974 жылы туған екі адамды күйік шалды. Оларға бірден медициналық көмек көрсетілді. Алайда екеуі де ауруханаға жатудан бас тартқан. Төтенше жағдай Назарбаев көпқабатты үйлердің бірінде болған. Құтқарушылар жоғарғы қабаттан 11 адамды қауіпсіз жерге эвакуациялады.  Оның екеуі бала. Жертөледен шыққан қызыл жалын 8 шаршы метр аумаққа жайылған. Алдын ала болжам бойынша өрт дәнекерлеу кезінде шыққан. Отты сөндіруге 8 техника мен жеке құрамның 28 қызметкері жұмылдырылды.