Оралдық азамат Қызылордаға есірткі тасымалдаған

Қызылордаға ірі көлемде есірткі тасымалдаумен айналысқан Орал тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Күдіктіні тәртіп сақшылары «Самара-Шымкент» тас жолының бойында тоқтатып, көлігін тінту барысында өткір иісті өсімдік толы қапшық тауып алған. Арнайы тағайындалған сараптама қорытындысымен оның 10 келіден астам кепкен марихуана екендігі анықталды. Заңсыз «саудагер» уақытша ұстау абақтысына қамалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

АҚМОЛА ОБЛЫСЫНДА 96 ОРАМ СИНТЕТИКАЛЫҚ ЕСІРТКІ ТАБЫЛДЫ

Ақмола облысында полицейлер 96 орам есірткі затын тауып алды. Көкшетауда наркотауарды жасырып кету «бизнесі» қызып тұр. Арнайы операция барысында 31 жастағы тұрғын ұсталып, қалтасынан ақ ұнтақтың 2 орамы, ал үйінен 27 орамы тәркіленді. Сол күні тағы 30 жастағы «жасырушы» полицейлердің қолына түсті. Ол күдіктіден де психотропты заттың көп мөлшері табылды.  

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА 3 ЖАСАР БАЛА АРЫҚҚА ҚҰЛАП КЕТТІ   

Қызылорда облысы Қазалы ауданында 3 жасар бала абайсызда арыққа құлап қаза тапты. Аулада ойнап жүрген жеткіншек үлкендердің қарауынсыз қалып, үйінен алыстап кеткен. Баланың денесі жергілікті тұрғындар көмегімен судан шығарылды. Қазір оқиғаның мән-жайы зерттеліп жатыр.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БРАКОНЬЕРЛЕРГЕ ТОҚТАМ БОЛМАЙ ТҰР

Түркістан облысында Шардара қоймасынан заңсыз балық аулаған браконьерлер ұсталды. Резеңке қайықпен айдынға шыққан Үтіртөбе ауылының екі тұрғыны 44 келі су маржанын сүзіп үлгерген екен. Табиғат қорғаушылар күдіктілерден айғақ зат ретінде 2 қапқа салынған сапасыз тор тәркілеп, істі сотқа өткізді.

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ЖЕҢІЛ КӨЛІК КАМАЗБЕН СОҒЫСТЫ  

Қызылорда облысында қиыршық тас тиеген жүк көлігі Lada маркалы машинамен соқтығысып қалды. Жойқын соққы салдарынан жеңіл көлік металл жиынтығына айналды. Түрлі дене жарақатын алған жүргізуші қалалық аурханаға жеткізілді. Бастысы аман қалды. Қазір оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатыр.