Атырауда үш көліктен 100 келіден астам бекіре тұқымдас балық табылды

Өңірде өткізіліп жатқан «Бекіре – 2022» кең ауқымды іс-шарасында бірнеше заңсыздықтар анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бағалы балықты аулауға және заңсыз тасымалдауға тыйым салу үшін «Бекіре – 2022» кең ауқымды іс-шарасы өтіп жатыр. Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері «Nissan Teana» автокөлігінің жүргізушісі мен жолаушылары бекіре тұқымдас балықты тасымалдап жүргені туралы жедел ақпаратты тексерді. «Нәтижесінде аталған автокөліктен 81,4 келі бекіре тұқымдас балық тәркіленді. Бағалы балықты заңсыз тасымалдаған жүргізушісі мен екі жолаушысы ұсталып, қамауға алынды. Ал Қараөзек ауылы тұсында тоқтатылған «Toyota Camry» көлігінен 20 келіге, Балықшы кентінде тексерілген «Ваз-2110» көлігінен 15 келіге жуық бекіре тұқымдас балық табылды. Аталған деректерге қатысты Қылмыстық кодекстің 339-бабының 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр», – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі. Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.