Павлодарда өрттен құтқарылған бес оқушының жағдайы анықталды

Қазіргі таңда барлық қажетті емдік және диагностикалық іс-шаралар жүргізілуде, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бес бала зардап шеккен.

2008 жылы туған қыз бала «жеңіл дәрежеде жану заттарымен улану» және 2007 жылғы қыз «күйзеліске өткір реакция» диагнозымен қаралып, ата-аналарына тапсырылды.

- Сондай-ақ 2005 және 2006 жылдары туған үш қызда «көмірқышқыл газының уытты әсері» тіркелді. Жедел медициналық көмек қызметкерлерінің айтуынша, мектептің дәретхана бөлмесінде түтін шыққан, - деді басқармада.

Оқушылар 15 сәуір күні сағат 12:15-те облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізілді. Кезекші педиатр қарап шыққаннан кейін шұғыл түрде соматикалық бөлімшеге жатқызылған.

Ауруханаға түскен кезде газбен улану салдарынан балалардың жағдайы орташа ауыр болған.

Еске сала кетейік, 15 сәуір күні Малайсары батыр көшесі, 3 мекенжайы бойынша үш қабатты №1 жалпы орта білім беру мектебінен өрт шықты. Өрт сөндіру бөлімшесі келгенге дейін 479 адам, оның ішінде 414 бала сыртқа шығарылды.