Алматыда көлік қаққан жаяу адам оқиға орнында мерт болды

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Алматының Бұқтырма көшесінде жол-көлік оқиғасы болған.

Toyota Corolla көлігі Бұқтырма көшесімен Талғар тасжолына кететін бағытта келе жатқан. Жол қараңғы болған соң жүргізуші көшені кесіп өтіп бара жатқан адамды байқамай қалған. Автомашина бар жылдамдығымен келіп, жаяу кісіні соққан. Салдарынан жаяу жүргінші жедел жәрдем келгенше, сол жерде қайтыс болды. «Өкінішке қарай, марқұмның кім екенін, жеке тұлғасын бірден анықтау мүмкін болмады. Бұл іспен анықтаушылар айналысып жатыр» деп мәлім етті полицияның баспасөз қызметі.