Ақтауда өз пәтерінде бір жыл жатқан әйелдің мәйіті табылды

Көршілері желді күндері сырттан жағымсыз иіс келетінін байқаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондай-ақ үйдің есігіне коммуналдық төлем шоттарының жиналып қалғанын көреді. Марқұм пәтер ақысын соңғы рет былтыр наурызда төлеген екен. Шақыртумен келген полиция үй иесінің денесін жатын бөлмеден тапты. Туыстары әлеуметтік желілердің көмегімен табылған соң әйелдің денесі жер қойнына тапсырылды. 

ЖОЛ-КӨЛІК АПАТЫ САЛДАРЫНАН ЖҮРГІЗУШІ КӨЗ ЖҰМДЫ

Түркістан облысында Toyota Alpнard маркалы шағын автобусы апатқа ұшырап, жүргізуші көз жұмды. Оқыс оқиға түнгі мезгілде болған. Алматы қаласынан шыққан көлік «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тас жолымен Қызылорда бағытына қарай келе жатқан. Кейін өзімен бір бағыттағы жүк көлігіне соқтығысқан. Соның салдарынан шағын автобуста болған 7 жолаушы түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Қазір оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатыр. 

АҚША МЕН АЛТЫН БҰЙЫМДАРЫН ҰРЛАҒАН ҰРЫЛАР ҰСТАЛДЫ

Оралда ақша мен алтын бұйымдарын ұрлаған атыраулық күдіктілер ұсталды. Оңай олжаға кенелмек болған екеу Деркөл кентіндегі жеке тұрғын үйдің терезесін бұзып кірген. Кейін үй иесінің 1 миллион теңге ақшасы мен компьютерін және алтын бұйымдарын үптеп кеткен. Мұны місе тұтпаған күдіктілер кейін Зашаған кентіндегі үйден 240 000 теңге мен 100 еуро және алтын бұйымдарын қолды қылған. Келтірілген барлық шығын көлемі 4 млн-ға жуықтайды. Қазір күдіктілер қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

ЖОЛ ОПЫРЫЛЫП, ЖҮК КӨЛІГІ БАТЫП ҚАЛҒАН

Қарағанды облысында республикалық маңыздағы Қызылорда-Павлодар автожолының Абай қаласы мен Қарабас кенті арасында оқыс оқиға болды. Осы тұста асфальт опырылып кетіп, жолға қажетті құрылыс материалын тиеп келе жатқан Камаз жүк көлігі батып қалған. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Қазір аталған тұстағы жолдың ойылған бөлігі қоршауға алынып, жөндеу жұмыстары басталды.

АВТОНЕСИЕНІ ЖАБУ ҮШІН ЖАНАРМАЙ БЕКЕТІН ТОНАҒАН

Алматы облысында бес бірдей жанармай бекетіне қарақшылық шабуыл жасаған қос күдікті қолға түсті. Полицияның мәліметінше, Toyota көлігін тақымдаған күдіктілер күзетшісі жоқ ұсақ бекеттерді тонаған. Ал қолды қылған 300 мың теңге көлеміндегі қаражатты авто несиені өтеуге жұмсапты. Ұсталғандар 34, ал екіншісі 23 жаста және бір-біріне немере ағайын болып келеді. Қазір олардың үстінен қылмыстық іс қозғалды.