Алматыда шимпанзе тордан қашып кетті

Алматы зообағында төтенше оқиға болды. Шимпанзе тордан шығып, әйелді итеріп жіберді. Бұл туралы  Tengrinews.kz зообақ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

«Приматтар» бөліміндегі Паша есімді шимпанзе қысқы қоршаудан жазғы қоршауға ауыстырылатын кезде, арнайы темір торды бұзып, вольерден сыртқа шығып кеткені айтылады.

«Өз аумағынан шығып кеткендіктер, стресс жағдайына ұшыраған шимпанзе жүгіріп келе жатып әйел мен кішкентай бала отырған қоларбаны итеріп жіберген. Бала жарақат алған. Зообақ фельдшері алғашқы медициналық көмек көрсетті. Артынан жедел жәрдем шақырылды. Қазір баланың денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ», - делінген хабарламада.

«Зообақ басшылығы мен қызметкерлері зардап шеккен баланың ата-анасымен үнемі байланыста болады және қажетті медициналық көмек көрсетуге дайын», - деді зообақ баспасөз қызметіндегілер.