Павлодар облысында балық қырылып жатыр

Деректер Ақсу ауылдық аймағы мен Ақтоғай ауданының су тоғандарында тіркелді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нақтырақ айтқанда, Ломовая, Тяпка және Ильюшка шағын өзендерінде болды. Бұл тоғандардың барлығы оқшауланған, яғни ірі өзендерден тыс жатыр. Тереңдігі 1,5 метрден аспайтындықтан, балықтарға ауа жетпей қалуы мүмкін. Оқиға орнына арнайы барған комиссия тексеріс жүргізген. Сонымен қатар судан сынама алынды. Экологиялық сараптама нәтижесі әзірге белгісіз. 300 келіден астам балық жиналып, жойылды. Сала мамандарының хабарлауынша, су маржандарының қырылуына оттегі жетіспеушілігі себеп болған.

Айта кетейік, бұл су айдындарында көксерке, шортан, сазан, табан сияқты балықтар тіршілік етеді.

Жасұлан Жұмашев, облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының бөлім басшысы:

- Осы су айдындарына экология департаментімен сараптама үшін анализдер үшін сынама алынды. Қазіргі кезде ешқандай у немесе ауыр металдардың бары анықталған жоқ. Қырылу фактілері балықтарға оттегі жетпегендіктен болды. Қазіргі кезде малдарға немесе адамның денсаулығына ешқандай зиян жоқ.