Таразда алтын алқаны ұрлағандар ұсталды   

Таразда әйелдің мойнынан алтын алқасын жұлып алып бой тасалағандар ұсталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Хабар түскен бойда жедел іздестіру шараларын бастаған полицейлер Жамбыл облысының 21 мен 23 жастағы екі тұрғынын қолға түсірді. Құны 200 мың теңге болатын алтын алқаны тартып алғандар бұрын да алаяқтық және ұрлық деректері бойынша істі болғаны анықталды. Қазір күдіктілер қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Ал, алтын алқа айғақ зат ретінде тәрткіленіп, иесіне қайтарылды.

ДҮКЕН ӨРТЕНДІ    

Солтүстік Қазақстан облысының Новоишимск ауылында шаруашылық заттарын сататын дүкен отқа оранды. Оқыс оқиға Зерновая көшесінде, кешкі уақытта болған. Өрт салдарынан дүкеннің шатыры түгел жанып кетті. Қызыл жалын жалпы аумағы 225 шаршы метр жерді шарпыған. Тілсіз жау төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру қызметінің күшімен тез арада ауыздықталды. Зардап шекендер жоқ.  Алдын ала болжам бойынша,  өрттің шығуына жылыту жүйелерінде қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы себеп болған.

ЖОҒАЛҒАН ЖЫЛҚЫЛАР СУҒА БАТЫП КЕТКЕН       

Ақмола облысында жоғалған жылқылар суға батып кеткен күйінде табылды. Былтыр    желтоқсан айында Ерейментау тұрғыны жайылымда жүрген 14 бас жылқысының жоғалғанын айтып полицияға шағымданған. Кейін мал ұрлығы бабы бойынша іс қозғалып, 3 ай бойы іздестіру жұмыстары жүргізіледі. Жоғалған жылқылардың өлекселері «Қызыл-Сор» көлінен табылды. Себебі қыс мезгілінде жұқа мұз ойылып,  Қамбар ата төлі түгел суға батып кеткен. Шығын көлемі 7 милиион 500 мың теңге.   

ЖОЛ-КӨЛІК АПАТЫНАН ЖОЛАУШЫ ЗАРДАП ШЕКТІ      

Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында «Мицубиси Галант» автокөлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай жанармай құю бекетіндегі қалқаға соғылған. Жол-көлік апаты салдарынан көлікте болған әйел адам зардап шекті. Көлік салонында қысылып қалған әйелге құтқарушы мамандар көмекке келді. Олар арнайы аспаптардың көмегімен автокөліктің бүлінген бөліктерін жазып босаңсыту арқылы жолаушыны аман-есен алып шықты.