Қарағанды облысында балықты заңсыз тасымалдағандар қолға түсті

Полицейлер жүк көлігін қалаға кіреберісте тоқтатқан. Тексеру кезінде ішінде 18 тонна балық болып шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жүргізуші жүкті Балқаштағы кәсіпорындардың бірінен тиеп, Ақтөбеге жеткізбек болған. Алайда ешқандай рұқсат құжаттары болмай, үстінен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу басталды.

АЛАЯҚТАРДАН САҚ БОЛЫҢЫЗ

Қызылордада алаяқ тұрғынның атына 5 миллион 600 мың теңге көлемінде онлайн несие рәсімдеген. Күдікті оның сеніміне кіріп, ақшасын иеленбек болған. Бірақ оның жымысқы әрекеті жүзеге аспады. Іске полицейлер кірісіп, 49 жастағы адамды ұстады. Тергеу амалдары жүріп жатыр.

ЕСІРТКІ ЖАСЫРҒАН КҮДІКТІ ҰСТАЛДЫ

Түркістан облысының тұрғыны синтетикалық есірткімен ұсталды. Ол есірткіні аяқ киіміне жасырған. Тексеру кезінде одан екі граммға жуық мефедрон тәркіленді. Күдікті адам Шымкент – Самара бағытындағы автожолда қолға түсті. Қазір тергеу жүріп жатыр.

ҚАМАЛЫП ҚАЛҒАН БАЛА ҚҰТҚАРЫЛДЫ

Риддерде есігі құлыпталып қалған пәтерден бір жастағы сәби құтқарылды. Нәрестенің анасы төменгі қабатқа түсіп, қайтып келгенше бала есікті жауып қамалып қалған. Оқиға орнына құтқарушылар шақыртылып, есікті ашты. Абырой болғанда бүлдіршін дін аман. Айта кету керек, Шығыс Қазақстанда жыл басынан бері дәл осындай жағдайдан 50 бала құтқарылды.

АҒАШТЫ ЗАҢСЫЗ КЕСКЕНДЕР ҰСТАЛДЫ  

Жамбыл облысында ағаштарды заңсыз кескендер ұсталды. Жасыл желектерді жергілікті кәсіпорын қызметкерлерінің бірі отаған болып шықты. Олар су арнасын салу мақсатында рұқсатсыз кескен. Келген шығын көлемі шамамен 2,5 миллион теңге болды. Тергеу жүріп жатыр.