Қостанай облысында студенттердің неден уланғаны белгілі болды

Санитар дәрігерлер «Рудный тау-кен технологиялық колледжі» асханасында тексеріс жүргізіп, зертханалық сынамалар алған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нәтижесінде үш қызметкерден патогенді стафилококк анықталды. Бұдан басқа да дайын азық түрлерінен ішек таяқшалары табылған. Студенттер осы асханада күніне бір рет тамақтанып келген. Қазір нысан уақытша жабылды. Оның иесіне қатысты әкімшілік жаза қолданылуы мүмкін. Яғни 700 мың теңгеден астам айыппұл салынбақ. Айта кету керек, кәсіпкер тағы Рудный және Қостанайдағы екі колледж асханасын жалға алып қызмет көрсетеді. Естеріңізге саламыз, өткен аптада студенттердің жүрегі айнып, лоқсып, мазалары қашқан. Содан 14 адам «өткір асқазан-аш ішек қабынуы» диагнозымен ауруханаға жатқызылды. Күні кеше барлығы емдеу курсынан өтіп, қазір дәрігерлердің бақылауында.

Гүлмира Мағзұмова, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қоғаммен байланыс жөніндегі бас маманы:

– Инфекция қоғамдық тамақтандыру қызметкерлерінен шыққан болуы мүмкін. Тексеру барысында санитарлық ережелерді бұзу фактілері анықталды. Тамақ өнімдерін сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттарсыз пайдалану, сақтау шарттары мен пісіру технологиясын бұзу. Мамандар індет ошағында профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізді.