Өскемен тұрғыны бүркіттің жаралы балапанын құтқарды

Өскемен қаласының тұрғыны бақшасынан бүркіттің жаралы балапанын тапқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Өскемен тұрғыны бақшасынан кезқұйрыққа ұқсас құсты тапты. Оны қарап шыққаннан кейін бір қанатының жаралы екенін байқаған. Бірнеше күн бойы бойжеткен құсты өз үйінде ұстап көрді. Алайда дұрыс қарай алмағандықтан полицияға қоңырау шалып, құсты жануарларды қорғау мекемесіне жеткізуге көмек сұрады. Сол жерге қалалық ПБ Ертіс полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Әсет Оралбеков келіп жеткен.

«Қанаты сынған құс адам көмегінсіз тірі қалмас еді. Құсты құтқарған қызға рахмет. Қазіргі уақытта құсты кәсіби мамандардың қолына тапсырдық», - дейді учаскелік инспектор.

Ветеринардың айтуынша, бұл құс қезқұйрық емес, дала бүркітінің балапаны. Балапан хайуанаттар бағында ветеринардың бақылауында. Жазылған соң өз еркіне жіберіледі.