Қазақ-қырғыз шекарасында жалған акциз маркасы тәркіленді

Қазақ-қырғыз шекарасында 1 млн-нан астам жалған акциз маркасын елге әкеле жатқан адам ұсталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Астыртын акциз маркалары көрші елден келе жатқан Беларусь Республикасының жүк көлігінен табылды. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады. Сондай-ақ аталған көлікте 2 мыңнан астам декларацияланбаған бейнебақылау жүйесі, киім-кешек және спорттық құрал-жабдықтар болған. Қырғызстанның сыртқы экономикалық қызметінің көлеңкелі қатысушылары екі ел арасындағы келісімді пайдаланып, Қазақстанға декларацияланбаған, контрафактілік жүк әкелу үшін өздерінің жасырын схемасын қолданған. Бұл іс қазір Жамбыл облысы бойынша экономикалық тергеу департаментіне жіберілді. Айырқалпақты көрші тарапынан мұндай құқықбұзушылық жиілеп кеткен. Бұдан бұрын еліміз арқылы Ресейге транзитпен өтуге тиісті майнинг құрал-жабдықтар мен электронды темекі сынды тауарлар Қазақстанда қалған.