Павлодарда бес жасар баланы ит қауып алды

Оқыс жағдай Сейфуллин көшесінде болған, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің  мәліметінше, бала анасымен бірге аулада болған, ал жақын жерде балалар такса итімен ойнап жүрген. Бала жақындаған кезде оны ит қауып алған. Баланың анасы дереу жедел жәрдем шақырып, полицияға хабарлаған.

- Аталмыш фактіге қатысты үй жануарларын қарғыбаусыз және ересектердің қарауынсыз жүруге жол берген иттің иесі ҚР ӘҚБК 407-2-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. 10 АЕК айыппұл салынды, - делінген хабарламада.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасында 2016 жылы туған бала  облыстық балалар ауруханасының травмпунктіне жүгінгенін хабарлады.

- Сол жақ  жамбас аймағынан қауып алған. Екінші санаттағы жара. Жараларды емдеу жүргізілді, антирабиялық сарысу енгізілді. Тұрғылықты жері бойынша бақылау ұсынылады, - деді басқармада. 

Жыл басынан бері Павлодар облысында 32 тұрғын иттерді серуендету ережелерін бұзғаны үшін жазаланған.