Атырау облысында жоғалып кеткен 11 адам іздестіріліп жатыр

Атырау облысында жоғалып кеткен 11 адам іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, Исатай ауданында 11 адам жоғалып кеткен.

«Бүгін, 9 мамырда сағат 10:50-де Исатай ауданында бір күн бұрын хабар-ошарсыз кеткен 11 адамды іздестіру қайта жалғасты. «УАЗ» маркалы автокөлігінің жүргізушісі мен 10 жолаушы 8 мамыр күні сағат 14:00-де «Ақмандай» учаскесіне бару үшін жолға шыққан. Бұл учаске аудан орталығы – Аққыстау ауылынан 160 шақырым қашықта орналасқан. Алайда, жолға шыққан адамдар осы уақытқа дейін Аққыстау ауылына оралмағаны анықталды», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Жоғалған адамдарды іздестіру жұмыстарына Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 4 қызметкері мен жол талғамайтын «ТРЭКОЛ» техникасы тартылды. Іздестіру іс-шарасына Исатай аудандық полиция бөлімінің 1 қызметкері шықты. Сондай-ақ, 8 мамырда сағат 21:00-де Каспий теңізіне таяу жердегі батпаққа батып қалған көліктен 2 адам құтқарылған. «Атырау қаласына таяу орналасқан Еркінқала ауылдық округінен 15 шақырымдай қашықтықта «Land Cruizer» маркалы автокөлігінің батпаққа батып қалғаны туралы хабар түсті. Көлікте 2 адам болған. Батпаққа батқан көлікке жедел-құтқару жасағының 2 қызметкері арнайы техникамен жедел жетті. Құтқарылған екі адам Еркінқала ауылдық округіне дейін жеткізілді. Олар жедел медициналық көмекке жүгінген жоқ», -деп мәлім етті қоғаммен байланыс тобынан.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында жолаушылар автобусы суға түсіп кеткенін жазған болатынбыз.