Қызылордада 56 жастағы ер адам Сырдария өзеніне батып кетті

Оқыс оқиға 9 мамырда Қызылорда қаласынан 40 шақырымдай қашықтықта орналасқан Көкжиде стансасы аумағында болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кірпіш зауытында жұмыс істейтін 1966 жылғы азаматтың Сырдарияға батып кеткені жөнінде хабар сағат 16:40 шамасында түскен. «Оқиға орнына жедел құтқару жасағынан 6 қызметкер 1 техника және 1 моторлы қайықпен барды. Құтқарушылар тарапынан іздестіру жұмыстары басталды. Ол 9 мамырда 20:00 шамасында тоқтатылып, бүгін 10 мамырда 7:30 шамасында қайта жалғасты. Оның мәйіті 14:00 шамасында батқан жерінен 20-25 метрдей қашықтықта табылды», – деп мәлім етті облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметінің баспасөз қызметінен.