ШҚО-да түзету мекемесінің қызметкерлері тыйым салынған заттарды ішке өткізбек болған

Шығыс Қазақстан облысындағы ОВ 156/2 және 156/3 мекемелеріне тыйым салынған заттарды өткізбек болғандар ұсталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың арасында түзету мекемесіндегі кешкі мектептің қызметкері де бар. Ол жазу дәптерінің парағына сим карта жабыстырып, мектеп құжаттарымен бірге ішке кіргізбек болған. Сонымен қатар жүк көлігінің жүргізушісі шөп тәрізді затты қалтасына жасырыпты. Бұдан бөлек ер адам колонияға шприц, трамадол және алкогольді сусын салынған түйіншек лақтыруға әрекет еткен. Заң бұзушылыққа жол бергендер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал кешкі мектептің оқытушысы жұмысынан қуылуы мүмкін.

БАЛЫҚШЫНЫҢ ДЕНЕСІ ТАБЫЛДЫ

Павлодар облысында жоғалып кеткен балықшының денесі Ертіс өзенінен табылды. Мамырдың 8-де балық аулауға кеткен 1959 жылы туған ер адам қайтып оралмапты. Оның мәйіті Алғабас ауылына жақын жерден табылды. Іздеу жұмыстары кезінде құтқарушылар тағы бір адамның денесін судан алып шықты. Ол сәуір айының 12-нен бері іздеуде болған. Осы кезеңге дейін іздестіру жұмыстары тоқтаусыз жүргізілген. 

КӨПҚАБАТТЫ ҮЙДЕН ӨРТ ШЫҚТЫ

Өрт салдарынан Павлодарда 28 адамды қауіпсіз жерге шығаруға тура келді. Оқыс оқиға көп қабатты үйдің төртінші қабатында болған. Отқа оранған бір бөлмелі пәтерден өрт сөндірушілер ес-түссіз жатқан ер адамды алып шықты. Құтқарылған адам түтінге тұншығып қалған. Ол жіті улану диагнозымен  қалалық №1 ауруханаға жатқызылды.

ДАЛА ӨРТІМЕН АРПАЛЫС

Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданында елуге жуық өрт сөндіруші, онға жуық арнайы техника дала өртімен алысты. Қызыл жалын 70 гектар аумаққа жайылған. Тілсіз жауға қарсы күреске тікұшақ қолданылып, жоғарыдан 33 тонна су шашылды. Өрт қаупі жоғары маусым басталған бір жарым айда Шығыс Қазақстан облысы бойынша қауіпсіздікті сақтамаған 30 адам жауапкершілікке тартылыпты. Олардың 10-ы енді 300 мың теңге көлемінде айыппұл төлейтін болды.