Қарағандыда зейнеткерлерді алдағандар ұсталды

Алаяқтар қарттарды алдауға әбден машықтанған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар жыл басынан бері 14 зейнеткерді алдап, 7 миллион теңгеден астам қаржыны қолды еткен. Егде тартқан адамдардың сеніміне кіріп алған олар әр жолы түрлі айла мен себеп тауып, әңгіменің соңын шұғыл ақша керек деп бұрып отырған. Полицейлерге аталған іс бойынша алғашқы шағым ақпан айында түсіпті. Содан бері қылмыстық істі мұқият қарап, бүге-шүгесіне дейін зерттеген мамандар іске қатысы бар күдіктілерді бұлтартпас айғақтармен ұстаған. Барлық іс бойынша қылмыстық іс қозғалып, қатысы барлар уақытша тергеу изоляторына қамалды. Олар 39 және 44 жас шамасындағы облыс тұрғындары болып шыққан.

Ольга Сонина, зейнеткер:

Маған хабарласты да «мен Ресейден хабарласып тұрмын» деді. Онда ешкімім жоқ деп едім, жоқ Германиядан деп құбылды. Кейін әже саған еуро салып жіберіп едім, өзіңе ыңғайлы уақытта шешіп ал. Ал мен сіздер жақтан бір сайманға тапсырыс беріп едім, 300 мың теңге салып жіберші деді. Қайтыс болған жұбайымның құлпытасына жинап жүрген ақшаны салып жібердім. Кейін хабар-ошарсыз кетті. Алданғанымды сонда ғана білдім де полицияға шағым жаздым.

Мерей Сәдібеков, ОПБ криминалдық полиция бөлімнің басшысы:

– Белгісіз адамдар телефон арқылы сенімге кіріп, қаржыны курьер арқылы беріп жіберуді өтініп отырған. Жалпы шығын көлемі 7 миллион теңгеден асып жығылады. Осы іске қатысты тергеу тобы құрылып, нәтижесінде қылмыстық топтың жолы кесілді.