Зорланған жеті жасар баланың әкесі оқиғаның қалай өрбігенін айтты

Мұстафаның айтуынша, ұлын 3 жасөспірім зорлаған. Екеуі 7-сыныпта,  үшіншісі одан да  жоғары сыныпта оқуы мүмкін. Олар 1-сынып оқушысы дәретханаға шыққан кезінде – қолдарын  артына қайырып, тамағына пышақ тақап қорлаған. Жағдай бірнеше рет қайталанған. Бұл туралы әкесі 20-сәуірде ғана баласының киімдері бүлінгеннен кейін анық білген. Ертеңінде Наурызбай аудандық полиция басқармасына арыз жазған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұстафа, баланың әкесі:

Мұғалімі сабақ болып жатқан кезде бір өзін жібереді екен.Сонда ана балалар келіп туалетте оны... Бірінші күні сұрадым мен, қалай басталды деп. Бірінші мәрте туалетке кірдім. Көзімді жұмды, қолымды қайырды деді.

Баланың әкесінің сөзінше, ол бірден полицияға арызданғанымен содан кейін 20 күн өтсе де, іс орнынан қозғалмаған. Әзірге олар күдікті жасөспірімдердің біреуімен ғана сөйлескен. Қалған екеуіне ешқандай шара қолданбаған.

Салтанат Әзірбек, қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі:

Бұл бір-екі күннің шаруасы емес. Тергеу аясында тағайындалған сараптамалық зерттеулер күрделі. Сондықтан істің анығына жету үшін біраз уақытты талап етеді. Қылмыстық кодекстің осы нормасы бойынша заң шығарушы орган 20 жылға дейін бас бостандығына айыруды көздейді. Бірақ бұл азамат жасөспірім балалардан күдіктенеді. Міндетті түрде бұл жайт есепке алынады үкім шығарарда.

Айта кетейік зорлық-зомбылық көрген бала жекеменшік мектепте оқиды. Лингвистика және математика негіздерін тереңдетін оқытады. Бірінші сыныпта 12 бала ғана бар. Оқу ақысы айына 120 мың теңге. Одан бөлек балаларды тасымалдауға тағы 15 мың теңге төлейді екен. 

Бұл істің анық-қанығын бала оқыған осы мектеп басшыларының өздерінен білмек болған едік. Бірақ біздің бұл әрекетімізден ештеңе шықпады.  Есікті қанша қаққанымызбен іштен шыққан жан баласы болмады. Күзетшілер де, мұғалімдер де бір ауыз тіл қатпады.

Сонымен қоса «Не молчи KZ» қоғамдық қорының жетекшісі Дина Смайылова әлеуметтік желіде  өткен жылы да сол мектепте буллинг, яғни баланы қорлап, кемсіту оқиғасының болғанын жазған.  Енді ол осы мәселеге мемлекет басшысының назар аударуын сұрайды. Істің мән-жайын білу үшін еліміздегі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев пен Балалар құқықтары жөніндегі штаттан тыс кеңесші Раиса Шер Алматыға аттанды. Ал, мектепке жаңа жылдан бері, бірнеше рет барып мұғалімдерге ескерту жасаған бірінші сынып оқушысының әкесі бұл зорлық-зомбылықтың алдын-алуға болар еді,-деп қан жұтып отыр.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов