Жамбыл облысында алтын өндіретін компанияда 4 тонна мыс ұрланған

Жамбыл облысында алтын өндіретін компанияда 4 тоннаға жуық мыс ұрланған.

Бұл туралы кәсіпорынның жеке қауіпсіздік жөніндегі  басшысы  полицияға шағым түсіргеннен кейін белгілі болды. Жәбір көруші тарап белгісіз жағдайда орталық қоймадан  жалпы сомасы  11 миллион теңгеден асатын металдың қолды болғанын айтқан. Жедел іздестіру шаралары барысында Мойынқұм ауданының полиция қызметкерлері осы кәсіпорынның 32 және 30 жастағы екі қызметкерін  ұстады. Күдіктілер алдын-ала сөз байласу арқылы қоймадан алып шыққан мысты   металл  қабылдау орнына үшке бөліп тапсырған. Бір  келісі   3 мың  теңгеге бағаланыпты.  Жалпы құны  9 миллион  теңгеден асады. 

Гүлсара Мұхтарқұлова, облыстық ПД баспасөз хатшысы:

- Аталған дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Ұсталғандар толық өз кінәларын мойындады. Аталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

Түркістан облысында қауіпті дәрі-дәрмек сатқан

Түркістан облысында  61 жастағы  әйел психотропты дәрілер сатумен айналысқан. Оқиға Келес ауданында болды. Тұрғындар «ауылдастарының бірі өз үйінде құрамында есірткі заты бар, тыйым салынған дәрі-дәрмектерді сатады» деп шағым түсірген. Осыдан кейін полиция департаменті  тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел топ құрыпты. Олар күдіктінің тұрғылықты мекен-жайын анықтап,  куәгерлерден жауап алды. Тәртіп сақшылары күдіктіні сауда үстінде ұстады. Ол өз кінәсін мойындаған.

Дәурен Сартаев, облыстық ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:

- Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 61 жастағы күдікті әйелдің үйінде 35 пластина құрамында есірткі заты бар прамадол дәрі-дәрмегі тәркіленді. Аталған жәйт Келес аудандық полиция бөліміне тіркеліп, қазіргі таңда жинақталған іс-құжаттар Түркістан облысы бойынша фармацевтикалық бақылау департаментіне жолданды. 

Саяжайдағы сұмдық 

Павлодар тұрғындары  жануарларға қатігездік  танытқан көршілеріне шағымданды. Тұрғындар полиция қызметкерлеріне оның иттерді қинап ғана қоймай, сойып жеп жатқанын айтқан. Оған дәлел де келтіріпті.  Саяжайда жаңадан сыпырылған ит  терілері мен сүйектерінің шашылып жатқанын  талай рет көрген екен. Тұрғындардың шағымы бойынша күдікті ұсталып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.  Тиісті сараптама да тағайындалған.