Алматыдағы жеке мектепте бірқатар заң бұзушылық анықталды

Алматыдағы «Мәриям» жеке мектебінде бірқатар заң бұзушылық болған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әжетханада бастауыш сынып оқушысын зорлады деген дау-дамайдан кейін Білім және ғылым министрлігінен тексеру тобы барды. Олар білім ордасындағы оқу-тәрбие ісінде және ішкі тазалық талаптарының сақталуында кемшілік барын әшкереледі. Сонымен қатар мектепте бейнебақылау жүйесі жұмыс істемейді. Ал «ұлыма жоғары сынып оқушылары жыныстық сипатта күш көрсетті» деген әкенің арызы бойынша сараптама тағайындалды. Бұл істі Алматы полициясының департаменті өз қарауына алды. Жәбірленушіге психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.