Ақмола облысында есірткі зертханасы жойылды

Ақмолалық полицейлер сәтті операция жүргізіп, жасырын түрде жұмыс жасаған есірткі зертханасын жойды. Алдымен, 31 жастағы тұрғын ұсталып, одан тәркіленген 100-ге жуық сіріңке қорабындағы заттың марихуана екені белгілі болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал оны сатып алу жолын анықтау барысында 40-қа таяған Ресей азаматы қолға түсті. Шетелдіктің жалға алған үйін тінту кезінде, маса торларында кептірілген ерекше иісі бар сұр-жасыл түсті қарасораға ұқсас өсімдік табылды. Сондай-ақ, 35 бұта мен есірткі заттарын өсіруге және өндіруге арналған әр түрлі құрылғылар тәркіленді. Белгілі болғандай Ресей азаматы бұған дейін іздеуде болған. 

ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНДА ЕСІРТКІ САТҚАН ЖАТТЫҚТЫРУШЫ ҰСТАЛДЫ

Павлодар облысында ескірткі заттарын өткізумен айналысып келген фитнес жаттықтырушысы қолға түсті. Сондай-ақ, оның 19 жасар серіктесі де ұсталып отыр. Тексеру кезінде екеуінен 47 грамм «гашиш» және 52 грамнан астам синтетикалық есірткі табылған. Полицияның хабарлауынша, олар зиянды затты әлеуметтік желі арқылы таратып отырған. Жедел іздестіру шарасы кезінде Екібастұз қаласы аумағынан ұсталған азаматтарға қатысты қазір тергеу жүріп жатыр.

ПАВЛОДАРДА ҮЙДЕН ӨРТ ШЫҚТЫ

Павлодарда екі қабатты үйлердің бірінен өрт шықты. Төтенше және құтқару қызметінің тобы жеткенше ғимарат шатырының ағаштары жанып кеткен. Зардап шеккен ешкім жоқ. Өрт сөндірушілер сегіз пәтерлі үйден 50 және 27 литрлік үш бірдей газ баллонын алып, қауіпсіз жерге шығарып үлгерді. Тілсіз жау отты абайсыз қолданудан пайда болған. Қазір келген шығын көлемі анықталып жатыр.

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ЖҰРТТЫ АЛДАҒАН АЛАЯҚТАР ҰСТАЛДЫ

Қызылорда облысында жұртты алдап, ақшаларын иемденген екі әйел ұсталды. Олар «Атырау қаласындағы «Теңіз» компаниясына жұмысқа тұрғызамыз» - деп жар салып, өтініш білдіргендердің сеніміне кірген. Нәтижесінде, 16 азаматтың сан соғып қалғаны белгілі болып отыр. Алаяқтықпен айналысқандар олардың әрқайсысынан 150-200 мың теңге көлемінде ақша алыпты. Бірақ уәделерін орындамаған. Қазір осы іске қатысты тергеу жүріп жатыр.