Ақтауда суға батып кеткен үш адам рұқсат етілмеген жерде шомылған

Ақтауда Каспий теңізіне 3 адам суға батып кетті. Олардың біреуі 23 жастағы ақтаулық тұрғын болса, қалған екеуінің Қарағанды қаласынан келгені анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айта кетейік, кеше куәгерлер төтенше жағдайлар департаментіне хабарласып, 4-шағынаудандағы шомылуға рұқсат етілмеген жерде 4 адамның теңізге батып бара жатқанын айтқан. Оның біреуін сол маңдағы тұрғындар жағаға шығарып үлгерген. Ал қалған 3 адамды жел болып толқын көтерілуіне байланысты құтқару мүмкін болмаған. Құтқарылған 1996 жылы туған Бейнеу ауылының тұрғыны ауруханаға жеткізілді, қазір жағдайы бірқалыпты. Іздестіру-құтқару жұмыстарын нәтижесінде кеште 3 адамның денесі судан шығарылған. Құтқарушылар суға түсуге арналмаған жерде шомылмауды қатаң ескертеді.

Айта кетейік, суға кеткен жігіттің біреуі 2 күн бұрын үйленген.

Жандос Кенжебаев, қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының басшысы:

Іздестіру жұмыстарына Төтенше жағдайлар департаментінен 21 қызметкер және 5 техника жұмылдырылды. Полиция басқармасынан 8 қызметкер, 4 техника, жедел құтқару бригадасынан 1 бригада жұмылдырылған болатын. Алайда іздестіру жұмыстары ауа райының күрт бұзылуына байланысты 4 сағатқа созылған болатын.