Ақтауда жоғалған сарбаз табылды

Ақтауда жоғалып кеткен сарбаз үш күннен кейін табылды.

ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының мәліметінше, бүгін сағат 07:15 шамасында Ақтау қаласындағы полиция тірек пунктіне 6656-әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Бағлан Әділбеков өзі келген. Сарбаз ата-анасымен кездескен. Қазіргі кезде қызметтік тексеру жүргізілуде.

Айта кетейік, осыған дейін жауынгердің 14 мамыр күні патрульдік күзет аяқталғаннан кейін әскери бөлімге келмей, өздігімен белгісіз бағытта кетіп қалғаны туралы айтқан болатынбыз. Ол 2021 жылдың маусым айында Ақтөбе облыстық қорғаныс істері жөніндегі басқармасы арқылы әскерге шақырылған. Үйіне қайтуына 2 апта уақыт қалған.

Еске сала кетсек, таяуда Ақтауда әскери бөлімнен сарбаз қашып кеткенін хабарлаған едік.