Щучинскіде базар өртеніп, бір адам қазақ тапты

Бүгін 18 мамыр күні сағат 04-50-де Ақмола облысы, Бурабай ауданының Щучинск қаласында «Жомарт» базарының бір қабатты жеке тұрған ғимараты өртенді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, жалын 1700 шаршы метр аумақты шарпыған. Ал ғимараттың жалпы ауданы 3000 шаршы метр. 45 минут ішінде өрт сөндірушілер өртті оқшаулап, жалынның таралуына жол бермеді. Осылайша екі сағат ішінде өртті толығымен сөндірді.

«Өрт сөндіру барысында ер адамның денесі табылды. Алдын ала болжам бойынша ол базардың күзетшісі болуы мүмкін. Қазіргі таңда анықтау жұмыстары жүріп жатыр. Өрт орнында өрт-техникалық зертханасының өкілдері мен полицейлер жұмыс істеп жатыр. Өрттің шығу себебі анықталу үстінде. Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар департаментінің 97 қызметкері мен 25 техника, жергілікті атқарушы органдардың үш қызметкері мен үш техникасы жұмылдырылды»,делінген хабарламада. Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті өңір тұрғындары мен қонақтарына өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттігін ескертеді.

Думан Дәлешов, облыстық ТЖД басқарма бастығы:

– Өрт сөндіру барысында ер адамның денесі табылды. Қазіргі таңда қаза болған адамның тұлғасы анықталуда. Өрттің шығу себебін анықтау мақсатында өрт орнында департаменттің өрт-техникалық зертханасы мен полицейлер жұмыс жасауда. Өртті сөндіруге ТЖД 97 қызметкері мен 25 техникасы, жергілікті атқарушы органдарының 3 қызметкері мен 3 техникасы қатысты.