Көкшетауда 22 жастағы жігіттен елу дозалы есірткі тәркіленді

Көкшетаулық полиция қызметкерлері 22 жастағы жігіттен 50 дозалық есірткі тәркіледі. Оның жалпы салмағы 40 грамнан асады. Күдікті тәртіп сақшыларына есірткіні қойып кететін жасырын орындарды да көрсеткен. Тергеп тексеру барысында, оның Қызылорда қаласының тұрғыны екені анықталды. Көкшетауға бірнеше ай бұрын келген. Бірақ еш жерде жұмыс істемейтіні белгілі болып отыр. Ал есірткімен байланысты әрекетіне қатысты қазір тергеу жүріп жатыр.

Жамбыл облысында қарақшылық шабуыл жасаған бір топ адам ұсталды

Олар  Мойынқұм ауданында тұратын 82 жастағы қарияның үйіне кіріп, күш қолдану арқылы оның бес миллион теңгесін алып кеткен. Түн ішінде келген қаскөйлер ұйықтап жатқан қартқа шабуыл жасап, жастыққа жасырылған ақшаны иемденген. Жәбірленушінің шағымынан соң жедел іздестіру шарасын жүргізген полицейлер Қордай ауданы мен Алматы облысы тұрғындарынан құралған төрт азаматты қолға түсірді. Белгілі болғандай оның бірі жәбірленушінің тумасы болып шықты. Ол қасындағы серіктестеріне қарақшылық жасауға кеңес берген. Қазір оларға іс қозғалды.

Павлодар облысында жылқы жол апатына себеп болды

Павлодар облысында жолға шауып шыққан жылқы көлік апатына себеп болды. Оқиға түн мезгілінде Сырлықала ауылының маңында орын алған. Ленин-Курчатов тас жолымен жүріп келе жатқан Хёндэ Гетз көлігі кенеттен шауып шыққан жылқымен соқтығысады. Салдарынан Қамбар ата тұқымы мерт болды. Ал кейін анықталған оның иесіне әкімшілік хаттама толтырылған.

Мүгедектің мүлкіне қол сұқты 

Шымкентте мүгедек азаматтарға арналған пандусты қолды қылған жігіт ұсталды. Ол кәсіпкерлік нысанының алдында орнатылған құрылғыны алып кеткен. Бірақ салонға жақын маңдағы бейнекамераға түсіп қалуынан көп ұзамай қолға түсті. Полицейлер оны тұрғылықты жерінен ұстады. Алайда күдікті темірден жасалған пандусты сатып үлгіріпті. Тергеу барысында жоғалған зат тез анықталып, ол иесіне қайтарылды.