Шымкенттегі жарылыс. LIVE

Шымкентте дәріхана ғимаратында болған жарылыстың себеп-салдары әлі де белгісіз. Полиция тергеу жүргізіп жатыр. Оқиға орнынан меншікті тілші Нұрсұлтан Мұхамеджан телефон арқылы тікелей байланысқа шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

– Бұл нысан облыстық перзентханаға жақын орналасқан. Жүкті әйел мен босанған аналар дереу эвакуацияланды. 100-ден астам адам жедел жәрдем көлігімен қауіпсіз орынға жеткізілді. Жарылыс нысанының жалпы аумағы 360 шаршы метрді құрайды. Болжам бойынша мұнда дәрі-дәрмек өндірілген. Алайда ТЖД өкілдері жарылыстың неден шыққаны әзірге белгісіз дейді. Төтенше жағдайдың салдарынан бір адам зардап шекті. Қайтыс болған қызметкердің денесі анықталды. Ол аурухананың күзетшісі бұлып жұмыс істеген. Оқиға кезінде ғимаратта өзге қызметкердің бар-жоғы белгісіз.

Мадияр Жақсыбаев, қалалық ТЖД басшысы:

– Ауруханааралық дәріхана ғимаратында жарылыс болғаны туралы хабарлама келіп түсті бізге. Дер кезінде құтқарушылар, өрт сөндіру техникасы оқиға орнына жетті. 130 шаршы метр аумақта жарылыс болған. Екіқабатты ғимараттың жартысы жарылған. Салдарынан 55 шаршы метр жерде өрт болды. Сондай-ақ осы ғимарат жанында орналасқан Түркістан облысына қарасты перинаталдық орталықтың қарауылы зардап шегіп, қайтыс болды. Бұл ғимараттың перинаталдық орталыққа қатысы жоқ. Қасында орналасқан көрші ғимарат.

Сондай -ақ Жарылыстың салдарынан көп қабатты ғимараттың балкондары мен жеті жеңіл автокөлікке де зақым келгені белгілі болды. Қазір оқиға орнын полиция қызметкерлері қоршауға алды. Ешкімді кіргізбейді. Ал Төтенше жағдайлар департаментінің 37 қызметкері мен 9 арнайы техникасы тартылды.