Шымкентте дәріханада жарылыс болып, 2 адам көз жұмды

Шымкентте дәріхана ғимаратында болған жойқын жарылыстан көршілес орналасқан облыстық перинаталдық орталықтың күзетшісі мен жаңа туған нәресте қайтыс болды. Ал перзентханадағы жүкті әйел мен босанған аналар дереу эвакуацияланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

100-ден астам адам жедел жәрдем көлігімен қауіпсіз орынға жеткізілді. Болжам бойынша жарылыс болған ғимаратта дәрі-дәрмек өндірілген. Алайда Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің айтуынша, әзірге жарылыстың неден болғаны белгісіз. Оқыс оқиға салдарынан көпқабатты ғимараттың балкондары мен жеті жеңіл автокөлікке зақым келген.

Қазір бұл маңай қоршауға алынып, Төтенше жағдайлар департаментінің 37 қызметкері мен 9 арнайы техникасы жұмылдырылды. Шымкенттегі жарылыс бойынша Еңбекші аудандық Полиция бөлімінің қызметкерлері сотқа дейінгі тергеуді бастады. Өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеп-тексеру амалдары жүргіліп жатыр.

Мадияр Жақсыбаев, қалалық ТЖД басшысы:

Жарылыс болғаны хабарлама келіп түсті бізге. Дер кезінде құтқарушылар, өрт сөндіру техникасы жолданды. Жарылыс салдарынан 130 шаршы метр аумақта жарылыс болған. Екіқабатты ғимараттың жартысы жарылған. Салдарынан 55 шаршы метр жерде өрт болды. Салдарынан осы ғимарат жанында орналасқан Түркістан облысына қарасты перинаталдық орталықтың қарауылы зардап шегіп, қайтыс болды. Бұл ғимараттың перинаталдық орталыққа қатысы жоқ. Қасында орналасқан көрші ғимарат.