Алматы облысындағы Қоғалы ауылының үш көшесін су басты

Алматы облысының Кербұлақ ауданына қарасты Қоғалы ауылының үш көшесі суға кетті. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес қазір судың деңгейі төмендеген.

22 мамыр күні сағат 17:30-да әлеуметтік желілерге шолу барысында Кербұлақ ауданындағы Қоғалы ауылының көшелерін су басып жатқандығы анықталды. Бірақ төтенше жағдай қызметіне су басу жөнінде хабарлама түспеген. Анықталғандай, қатты жауын салдарында Панфилов, Жандосов, Тобаяқов көшелерінен және бір үйдің ауласынан су қатты ағынмен өткен. «Үйлердің ішін баспады. Сағат 18:00-дегі жағдай бойынша, қатты жауын тоқтады. Судың мөлшері төмендеді. Зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнында ТЖД қызметкерлері мән-жайды анықтап жатыр», –делінген ТЖД баспасөз қызметінің хабарламасында.