Түркістан облысында тауда жоғалған туристер құтқарылды

Олардың із-түзсіз кеткені жайлы аймақтағы демалыс орындарының бірі растаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айтуларынша, 4 адам Сусіңген көліне қарай кетіп, содан қайта оралмапты. Ал іздестіру жұмыстарына Түркістан облысы ТЖД 17 құтқарушысы мен 2 техникасы, кинологиялық бөлімнің қызметкері, бірнеше полицей мен Ұлттық парктің мамандары да жұмылдырылған. Сөйтіп, туристер таңғы 6 жарым шамасында Наутсай шатқалынан 10 шақырым жердегі таулы аймақтан табылды. Олар тұманда адасып кеткен және бір түн бойы далада түнеген. Абырой болғанда барлығы дін аман.

СИНТЕТИКАЛЫҚ ЕСІРТКІ ТӘРКІЛЕНДІ

Атырауда 27 жастағы жігіттен синтетикалық есірткі тәркіленді. Полицейлердің айтуынша, күдіктіні тінту барысында одан аталған есірткінің 60 дозасы табылған. Ал одан табылған еліткіш заттардың салмағы 33 грамнан асады. Қала тұрғыны дереу қамауға алынып, оның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Енді ол 7 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

ВЕЛОСИПЕД ҰРЛЫҒЫ ӨРШІП ТҰР

Ақмола облысында күн жылығалы бері велосипед ұрлығы өршіп тұр. Мұндай жағдай кейді күнара тіркеледі дейді полицейлер. Мәселен, өткен аптада Көкшетау қаласының полиция басқармасына жергілікті тұрғын хабарласып, құны 50 мың теңгелік велосипедінің қолды болғанын мәлімдеді. Белгісіз біреулер оны көпқабатты үйдің кіреберісінен алып кеткен. Абырой болғанда тәртіп сақшылары жәбірленушінің ұрланған мүлкін маңайдағы бейнебақылау камералары арқылы тауып берген. Ал Атбасар қаласында мектеп жанында тұрған велосипедті 27 жастағы бұрын сотталған жігіт ұрлап кеткен. Тіпті, оны сатып та жіберген. Бірақ полицейлердің араласуымен оқушы балаға тиесілі мүлік өзіне қайтарылды. Ал күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, үстінен қылмыстық іс қозғалды.

БІРНЕШЕ КӨЛІКТІ АҒАШ БАСЫП ҚАЛДЫ

Семейде дауылдың салдарынан бірнеше көлік құлаған ағаштың астында қалды. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Оқиға орнына тұрғындардың шақыртуымен барған құтқарушылар, жеңіл автокөліктерді сынған ағаштардан тазартып, иелеріне көмектескен. Бұл жағдай түн мезгілінде болғандықтан, адамдар дін аман. Құзырлы орган өкілдерінің сөзінше, тұрғындарға күн райының күрт құбылатыны жайлы оған дейін хабарланған.