Қызылордада мас күйінде көлік басқаратын жүргізушілерге тоқтам болмай тұр

«Қауіпсіз жол» шарасының 4 күнінде алкогольді ішімдік тұтынса да, темір тұлпар тізгіндеген 25 адам ұсталды. Оның ішінде, өрескел заңбұзушылықты 2-рет қайталап отырғандар бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар енді жарты жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Одан бөлек облыс бойынша жол жүру ережесін елемеген бір мың үш жүздей азаматқа айыппұл салынды. Осы ретте полицейлер, әсіресе, балаларды жол-көлік апаттарынан сақтауға күш салып, мектептерде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Бауыржан Ибраев, Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы:

Акция аясында балалардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында онлайн форматында 600-ге жуық дәрістемелік сабақтар өткізілсе, білім беру ұйымдарының жанында орналасқан 130 жол белгісі жаңартылып, 116 жаяу жүргінші өткелі жабдықталып, жаңадан 49 жол қозғалысының жасанды кедергілері орнатылды.