БҚО-да қасқырлар шаруалардың мазасын қашырды

Биыл қасқыр көбейіп, өрістегі малға жиі шабатын көрінеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бөкей Ордасы ауданында тірлігі төрт түлікке қараған жұрт маңайды торыған итқұсты аулай алмайды. Себебі рұқсат жоқ. Арнайы тіркеуден өткен әр аңшыға шектеу бар.

Жыл басынан бері Ұялы ауылдық округінде жүзге жуық мал түз тағысының жемтігіне айналған. Соның ішінде қожалықтарда шығын көп. Азын-жоғын малын қыстақтағы шаруаларға қосатын Нұрболат Меңдіғалиев қазір сиырын ауылда бағып отыр. Өйткені даладағы агроқұрылымдар төңірегінде бөрілер өріп жүр дейді ол.

Нұрболат Меңдіғалиев, Ұялы ауылының тұрғыны:

- Малымызды мына құмға қосамыз. Барған бойда 5-6 күннен кейін жеп қойды деген хабар келеді. Және де ауылдан құмға барғанда шетте жүреді, сосын қағады. Ауылға кірген жоқ. Қасқыр атуға тыйым салынған ғой, атпайды ешкім. Құмдағы малшылардың бәрі жылап отыр.

Ауылдық округте 62 қожалық бар. Бәрінің мәселесі ортақ. Шаруаларда мылтық болғанымен, қасқырды атуға рұқсат жоқ. Шаш-етектен шығынға батқан ағайын әкімдікке талай мәрте шағым айтып келген. Алайда соңғы екі-үш жылда қасқыр мүлде ауланбапты.

Ерлан Ермекқалиев, Ұялы ауылдық округінің әкімі:

- Әр жиналыс, әр есептік кездесу сайын қожалықтар өздерінің көкейіндегі сұрақтарын қойып отырады. Енді қазіргі көктем уақытында немесе күзгі уақытта жаманауыздың малға тиетіні рас. Қыста қардың болмауы кедергі болады, техника жүре алмайды. Қасқыр атуға рұқсат алу онлайн ғой қазір, жеңілдік бар. Осы жоспарда 2-3 қожалықты біріктіріп, аламыз ба деп отырмыз.

Сала мамандарының айтуынша, 2017 жылы аймақта небәрі 400 шақты қасқыр болған екен. Сол кезден бастап оларды атуға қатаң шектеу қойылған. Ал биыл түз тағысының саны үш есе өсіпті. Енді 196 бөріні атуға рұқсат берілген. Арнайы құжат алу үшін аңшылар электронды порталға тіркеліп, өтініш тастауы тиіс. Алайда әрқайсысы 3 қасқырдан артық ата алмайды.

Арман Ізімғалиев, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы:

- Егов.кз порталы арқылы келіп түскен өтінімдерге сәйкес, 186 басты атуға рұқсат қағаздары берілді. Қазір 10 қалды. Өтініштерді аңшылар бере алады. Онда өзінің аңшылық куәлігі болу керек. Мылтықтың рұқсат қағаздары болу керек. Сол деректерді көрсете отырып, қасқырды атуға рұқсат қағаздарын ала алады. Жыл бойына бір лимит беріледі, ол өзгермейді. Келесі жылға қасқырдың саны көбейсе, лимиттің де саны көбейеді деген сөз. Бір аңшы бірнеше ауданды көрсетеді. Ол заңды, әрине.

Демек, жыл соңына дейін облыста енді тағы 4 аңшы ғана қасқыр атуға рұқсат ала алады. Шаруалар сала мамандарынан тиісті құжаттарды берер кезде түз тағысы қаптаған аудандарға баса назар аударуды талап етіп отыр.

Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов