СҚО-да бір адам суға батып кетті

Қайғылы жағдай Есіл өзенінің Пакровка ауылы маңында болған. Бұл шомылу маусымы басталмай жатып болған алғашқы оқиға. Өңірдегі жағажайлардың қауіпсіздік шаралары мен құтқарушылардың дайындығына тоқталмақпыз, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

Бүгін Петропавлда күн ыстық. Сынап бағанасы 32 градусқа дейін көтеріліп тұр. Оған шыдамаған тұрғындар жаппай жағаға келіп, шомылып жатыр.

Солардың бірі – Борис Самусев. 67 жастағы қала тұрғыны шомылу маусымын елден ерте бастайды. Биыл сәуірдің ортасынан түсіп жүр. «Су – денсаулыққа өте пайдалы», – дейді зейнеткер. 

Борис Самусев, қала тұрғыны:

Кішкене күнге де күйіп үлгердім. Қараңызшы, қанша адам жүр. Жасы да, кәрісі де жаздың ыстық күндерін сағынып келген. Бір сөзбен айтқанда, көлдің жағасында демалып жатырмыз.

Петропавлда шомылуға рұқсат етілген екі-ақ орын бар – Есіл өзенінің жағасы мен Алакөл көлі. Өкінішке қарай, көп тұрғындар қалаған жеріне барып түсе береді. Қазір құтқарушылар батып кеткен бір адамды іздестіріп жатыр.  

Кирилл Иванников, ТЖД басқармасының аға офицері:

Кешеден бері іздестіру шаралары жүріп жатыр. Алдын ала ақпарат бойынша ол қайықтан құлап, батып кеткен. Оның нақты себебі анықталу үстінде.

Қазір құтқарушылар үшін қауырт кезең басталды. Олар қанша қырағы болғанмен кейде ажалға араша түсе алмайды. Былтыр өңірде 22 адам батып кеткен. Оның алтауы бала.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев